«Алла жолында мал сарып қылғандардың мысалы: Әр сабағында, жүз түйір өскен жеті сабақты ұрық тәрізді. Әрі Алла кімге қаласа, неше есе арттыра береді. Алла (Т.) тым кең, әр нәрсені білуші.»

(Құран Кәрім, 2:261)

  • Зекет беру
  • Зекетті есептеу

Сұрақ-Жауап

  • 21.04.2015, 9:27
    Сұрақ:

    Зекет беретін күні келіп зекетін бермеген адам кейіннен кедейленіп, қолында ақшасы қалмаса, зекет қарызы кешіріле ме?

    Жауап:

    Мал-мүлкін жаратып жоқ қылса, зекет қарызы кешірілмейді, ал ақшалары өздігінен жойылса, зекет кешіріледі. Мәселен биржада ақшаларынан айрылса немесе машина, тоңазытқыш секілді нәрселер сатып алып ақшасын жаратса зекет кешірілмейді, зекетін өтеуі керек болады. Мал-мүлкі ұрланса, жоғалса, өртеніп кетсе немесе қарызға беріп кері ала алмаса, ол кезде зекетін беруі керек болмайды.

  • 21.04.2015, 5:22
    Сұрақ:

    Қарыз алушы мен берушінің зекеті?

    Жауап:

    Алашақтар (алынатын қарыздар) нисаб есебіне қосылады. Бірақ бұл алашақтардың зекетін ақша қолға түскеннен кейін береді. Алмай тұрып та беруге болады. Берешектер (берілетін қарыздар) ақшадан немесе мал-мүліктен алынады. Қалған бөлігінің зекеті беріледі. Он жылдан кейін алынатын ақша да нисаб есебіне қосылады. Он жылдан кейін төленетін қарыздар да нисаб есебінен алынады.

  • 21.04.2015, 4:22
    Сұрақ:

    Жылқының зекеті қалай есептеледі?

    Жауап:

    Омар (р.а.)  Ұбай ибн Жаррахқа жазған хатында былай деген: «Жайылымдағы әр жылқының зекеті бір динар (алтын) немесе он дирхам (күміс)».

    Әбу Ханифа: «Мал иесі қаласа әр жылқысына бір динар немесе құнының қырықтан бірін зекет ретінде береді».

    Егер жылқы жылдың көбінде жайылымда, көбейту немесе сату мақсатында бағылса, онда олардың құны ақшаға айналдырылып Зекеті беріледі. Әрине, егер нисаб мөлшеріне жеткен болса. Ал егер жылқы мініс, жорық немесе еңбекке тартылса, онда одан Зекет берілмейді. 

  • 21.04.2015, 4:17
    Сұрақ:

    Мемлекеттік салық зекет болып саналады ма?

    Жауап:

    Мемлекеттік салық зекет болып саналмайды. Өйткені, зекет Аллаһ тағалаға шүкіршілік әрі Оған жақындау мақсатында жасалатын құлшылық. Ал мемлекеттік салық болса құлшылыққа еш қатысы жоқ нәрсе. Зекетте ниет шарт, ал мемлекеттік салықта ниет шарт емес. Зекет шариғаттың белгіленген заңы, ал салық шариғаттың заңы емес. Зекет Құранда аталған сегіз топқа ғана беріледі, ал салық жаппай халықтан алынып, ел игілігіне жұмсалады.

  • 04.07.2012, 3:40
    Сұрақ:

    Зекет дегеніміз не?

    Жауап:

    Зекет – көбейту, молайту, берекет, тазалық және арылу. Діни терминде нисапқа толған мал-мүліктің құран мен сүннет бойынша бір мөлшерін Аллаһ разылығы үшін кедейлерге, жетім-жесірлерге беруін айтады. Аллаһ Тағала «Тәубе» сүресінің 60-ншы аятында: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер), Аллаһ тарапынан бір парыз: Қолы қысқа пақырларға, түгі жоқ мискиндерге, оны жинауға белгіленгендерге, көңілдері алынатындарға (жаңа мұсылман), құлды азат етуге, борыштыларға, Аллаһ жолына және жолда қалғандарға беріледі. Аллаһ әр нәрсені білуші, хикмет иесі» деген.

    Зекет хижри екінші жылы парыз болған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Зекет - исламның көпірі» деген. Хазіреті Әбу Бәкір (р.ғ.) халифа болған кезінде «намаз оқимыз, зекет береміз»-дегенаятпен он бір қауымға әскер жіберіп діннің бұйрығын орындатқан. 

  • 04.07.2012, 3:40
    Сұрақ:

    Зекет кімге беріледі?

    Жауап:

    Алланың Елшісі (с.ғ.с.) «Шын мәнінде, бұл дүние тәтті жеміс секілді, кімде-кім оны жомарт бола отырып алса, онда ол оған жұғымды, баталы болады,...»[1] - деп айтқаны жеткізді.

    Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Маған зекет бер», – деген адамға былай жауап берген: «Ұлы Алла зекеттің берілетін орындары жайында Пайғамбарының да, басқаның да үкіміне разы болмай, өзі берді. Оны сегіз топқа бөлді. Егер сол сегіз топтың ішінде болсаң, саған есеңді беремін». Иә, зекеттің берілетін орындарын Алла Тағала былай баяндайды: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер), кедей-кепшіктерге, түгі жоқ міскіндерге, зекетті жинауға тағайындалған адамдарға, көңілдері жібітілуі мақсат етілгендерге (жаңа мұсылмандарға), құлдарды азат етуге, қарызға батқандарға, Аллаһ жолына және қиналған жолаушыларға берілуі Аллаһ тарапынан парыз етілді», («Тәубе» сүресі, 60.).

    Аятта айтылған сегіз топ:

    1. Пақырлар. Пақыр деп нисап мөлшеріне жететін байлығы жоқ адамдар саналады.

    2. Міскіндер. Міскін – еш нәрсесі жоқ адам. Мұндай адамның жағдайы кедейдің жағдайынан да төмен. Алла тағала «... немесе шаң топырақтағы сорлы» (Бәләд, 16-аят) деп айтқан. Бұл жерде ол аса жоқтықтан «жер бауырлайтын» және адамдардан өзіне тамақ пен киім сұрап қайыр тілейтіндерді айтып отыр.

    3. Зекет жинауға тағайындалған арнайы адамдар. Зекеттердің жиналуы, сақталуы, есептеліп, лайық адамдарға таратылып, тапсырылуы сияқты жұмыстар үшін мемлекет тарапынан тағайындалған адамдар. Бұларға зекеттен белгілі бөлігі еңбектерінің қарымына айлық ретінде берілгендіктен, тағайындалған адамдардың бай болулары белгілеген мөлшерін алуларына бөгет емес.

    4. Муәллафатул-қулууб. Ислам дінін жаңадан қабылдаған иманы әлсіз адамдардың, тіпті әлі Исламды қабылдамаған кейбір адамдардың көңілін жібіту үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кедей болсын, ауқатты болсын, оларға зекеттен белгілі есе беріп отырған. Бірақ Хазіреті Омар дәуірінде бұл топқа берілетін зекет тоқтатылған. Тоқтатылуының басты себебі, Ислам дінін Алла дүниеге қанат жайып қуаттанғаннан кейін бұлардың көңілін Исламға жібітіп, жаманшылықтарынан сақтанудың қажеті болмай қалуында еді. Бірақ кейбір ғалымдардың пәтуасына сүйенсек, қажет болған жағдайда, қайтадан бұл топқа беруге болады.

    5. Құлдар. Қожайынынан азат болу үшін белгілі ақшаға келіскен құлдарға зекет беріледі. Міне, бұл Ислам дінінің құлдарды азат ету жолында жұмсаған еңбектерінің бір көрінісі. Ескерту: қазіргі қоғамда құлдардың жоқ болуы себепті ғалымдар алтыншы тармаққа қосуға болады деген.

    6. Қарызға батқандар. Қарызынан тыс нисап мөлшеріндегі малға ие болмаған немесе басқа біреуде қарызы болып, бірақ қайтарып алу мүмкін болмағандар «қарызы бар адамдардың» тобына жатады. Пақырға зекет бергеннен гөрі қарызынан қиыншылық көріп жатқан адамдарға зекет беру абзал. Өйткені, қарызынан құтылу – қарызы бар үшін басты міндет.

    7. Аллаһ жолындағылар. Бұл топқа Аллаһ ризалығы үшін ілім іздеушілер (медреселер мен діни оқу орындарының түлектері), жастарымызды имандылық, адалдық, адамгершілік, әділдік сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелеу үшін, жалпы қоғамға пайдасы бар қайырлы істер үшін бар күштерін салып еңбек етушілер кіреді.

    8. Қаржылары бітіп, жолда қалғандар. Бұларға негізгі тұрғылықты жерлерінде ақшалары барлар жатады, яғни бай болса да, оларға зекет беріледі (қажылар, ілім ізденушілер, т.б.).


    [1] Бұхари.

  • 04.07.2012, 3:40
    Сұрақ:

    Зекет қашан беріледі?

    Жауап:

    Нисапқа (байлықтың зекеті төленетін мөлшері) толған малдың бір жылға толуы шарт. Жыл (қамари) ай санағымен есептеледі, (яғни 354 күн). Зекеті берілмеген мал адал болмайды. Керісінше оның құруына себеп болады. Зекетті бергенде ниет ету шарт. Зекет беретін бай садақа бергенде зекет деп ниет етсе артық мөлшерде болса да артығы садақа болады. Зекетті құпия немесе үлгі ретінде ашық берседе болады.

    Рамазан айында сүннеттің дәрежесі уәжіптің дәрежесіне, уәжіптің дәрежесі парыздың дәрежесіне, ал парыздардың дәрежесі жетпіс есеге дейін еселеніп жазылатын бұл айда зекетін берсе нұр үстіне нұр болады.Адам Зекет  төлеген кезде мұсылман күн тізбесі бойынша өткен бір жыл ішінде иелік еткен мүлігі есепке алынады, әрі зекетті жыл сайын рамазан төлеу айына сай келеді.

  • 1