Шахада Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның Елшісі екендігіне куәлік келтіру. Намаз күнделікті бес мезгіл оқу. Зекет кедейлер мен мұқтаждарды қолдау үшін, сол сияқты, Исламның таралуына ықпал жасайтын жобалар мен ол туралы шынайы ілімнің дамуы үшін мұсылманнан жыл сайын алынатын міндетті салық. Ораза қасиетті Рамазан айы ішіндегі ауыз бекіту. Қажылық егер адамның мүмкіндігі болса Меккеге жасалатын қажылық.

Хадис

  • Зекет беру
  • Зекетті есептеу

Алматы қаласы бойынша қайырымдылық іс шаралар

"Алматыда-Асар"атты акциямыз сәтті аяқталуына байланысты 8-баланың анасы Нұрсадықова Гүлнұр апайымыздың үйінің ашылу рәсімі салтанатты түрде өтті. Ашылу рәсіміне Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет арнайы келіп, алғашқы құттықтау сөзін сөйлеп, келген қонақтарға қайырымдылық жайында тартымды да әсерлі уағыз жүргізді. Атсалысқан азаматтарға алғыс-ризалығын білдіріп, қоныс иелеріне үйдің кілтін және арнайы әкелген сыйлығын табыс етті. Мүфти хазрет үйдің лентасын қиып, келген қонақтар арнайы жайылған дастарханнан ас ішіп, жылы лебіздерін білдіріп тарқасты.

 

Тағыда бізге келіп түскен өтініш хаттар тізімі бойынша Алматы облысы, Қарасай ауданы,Үштерек елді-мекенінің тұрғыны алты баланың анасы Жансақбаева Әтіргүл апайымыздың үйіне іссапар ұйымдастырылды. Отбасылық жағдайлары өтініш хатта көрсетілгендей қиын екен. Бірден қаржылай көмек көрсетіліп, қысқы дайындыққа кірісіп кеттік. Бірінші күні үйдің жылу жүйесін іске қостық. Екінші күні ақтап сырлау жұмыстары жүргізілді. Үшінші күні үйдің ішіне ауызсу тартылып, сыртқа лассу ағатын құбыр орнатылды. Осы қайырымдылық шараға демеушілік танытқан Н. және Қ. деген бауырларымызға Алла разы болсын, зекеттері қабыл болсын деп Алладан тілейміз.

 

Бізде бүгін әлеуметтік жағдайлары аз қамтылған және көпбалалы отбасылар қонақта болды. Балаларға базардан мектепке керекті киім-кешекпен оқу құралдары алынып, тәтті сусындар мен балмұздақтар берілді. Түскі асқа арнайы дастархан жайылды, астан кейін арнайы әзірленген көліктермен үйлеріне жеткізілді (мекен жайлары: Қапшағай, Ұзынағаш, Қаскелен елді мекендерінен келді). Осы қайырымдылық шараға демеушілік танытқан Д. және С. деген бауырларымыздан және де асхана басшысы Н. деген азаматтан Алла разы болсын, өмірлері ұзақ, несібелері мол болсын!

 

Тізімде тұрған 85-жастағы Айсаев Мұса атамыздың өтініші бойынша, Алматы облысы, Талғар ауданы, Қызылқайрат ауылына іссапар ұйымдастырылды. Мұса атамыздың отбасылық жағдайымен жақын таныстық. Атамыз бен Тұрсынай апамыз зейнеткер екен, түскен зейнет ақыларын күнделікті ас-ауқатқа, суға, жарыққа, қыстық отын-көмірге, дәрі-дәрмекке, артылғанын немерелеріне жұмсап, тозығы жеткен үйлерінің жөндеу жұмыстарына қаражаттың жетпейтінін өтініш хатта білдірген болатын. Зекет қорының ұйымдастыруымен Айсаевтар отбасына қайырымдылық ретінде (көлемі) 150/135.3 терезе, 210/90.1 есік және қаржылай көмек көрсетілді. Осы шараға демеушілік танытқан Д. және Б. деген азаматтарға арнайы алғысымызды білдіреміз.

 

Бізде тізім бойынша,кезекте тұрған Ислам дінін қабылдаған Мәриям апамыздың отбасына көмек көрсетілді. Апамыздың өзіне, қызына, немересіне, шөбересіне Исламға сай киімдер алынды, қаланы аралатып, тауға шығып, көңілдерін аулап, түскі және кешкі ас ұйымдастырылды. Қызмет соңында үйлеріне азық-түлік алынып, қаржылай көмек көрсетілді. Осы қайырымдылық шараға атсалысқан Д. деген бауырымызға Алла разы болсын, өмірі ұзақ, рызық-несібесі мол болсын.

 

ҚМДБ-а қарасты Алматы Қалалық Зекет Қорының жауапты өкілі Бекберді Ержан Саматбек Алматы Қалалық Орталық Мешітінде "Бес парыздың бірі-Зекет" тақырыбында уағыз жүргізді. Жауапты өкіл намаздан кейін жамағатпен кездесіп, зекетке байланысты әртүрлі сұрақтарға жауап берді. Кездесу соңында Қасиетті Рамазан айының ішіндегі "Қадыр" кешінің құрметіне тізімде тұрған азаматтарға қаржылай көмек көрсетілді.

 

Әлхамдүлиллә, жыл сайын Құрбан шалушылардың саны артып келеді. Биыл да қаламыздың көптеген жерлерінде, жамағаттар Құрбан шалды. Соның ішінде Зекет қорымен бірігіп қайырымдылық жасаған азаматтар да болды. Бізге тапсырылған аманаттарды жыл бойы Құрбан айтты асыға күтетін әлеуметтік жағдайлары төмен отбасыларға және балалар үйіне тапсырдық. 

 

Мұхаррам айының құрметіне Алматы Қалалық Зекет Қорының ұйытқы болуымен көпбалалы ана Рахымжанқызы Гүлнұр апайымыздың отбасына бұзаулы сиыр алынды. Алла берекелі төлбасы етсін (сиыр Д. деген бауырымыздың зекеті есебінде алынды). Алла зекетін қабыл етіп, екі дүниенің жақсылығын нәсіп етсін!

 

 

Алматы қалалық

«ЗЕКЕТ» корпоративтік

қорының өкілі                                           Бекберді Ержан