«Алла жолында мал сарып қылғандардың мысалы: Әр сабағында, жүз түйір өскен жеті сабақты ұрық тәрізді. Әрі Алла кімге қаласа, неше есе арттыра береді. Алла (Т.) тым кең, әр нәрсені білуші.»

(Құран Кәрім, 2:261)

  • Зекет беру
  • Зекетті есептеу

Зекет. Сұрақтар мен жауаптар.

 

Сұрақ: Ислам дініндегі төртінші парыз қандай?

Жауап: Мал-мүліктен зекет беру.

С.: Қандай кісілерге зекет беру парыз?

Ж.: Балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс мұсылман бай кісінің зекет беруі парыз.

С.: Жас бала, ақыл есі дұрыс емес бай кісі болса, зекет беру парыз ба?

Ж.: Парыз жоқ.

С.: Зекет беру үшін қанша мал-дүниесі болуы керек?

Ж.: Өзінің қажеттілігінен артық мал-дүниесі нисап мөлшеріне жететін болуы тиіс. Сондай-ақ, мал-дүниесі өзінің қолында әрі халалдан тапқан болуы шарт.

С.: Адамға қажетті мал-дүние деп нені айтамыз?

Ж.: Үйі, жері, көлігі, киім-кешегі, тұрмыстық құралдары, т.б.

С.: Нисап мөлшерден аз болса, зекет беріле ме?

Ж.: Берілмейді.

С.: Бір кісінің қолында қажеттілігінен артық нисап мөлшеріне жететін дүниесі бар делік. Бірақ, дәл сондай көлемде біреуге қарыз болса, ол дүниесінен зекет беріле ме?

Ж.: Берілмейді. Өйткені, ол дүние қарыз берген адамға тиесілі.

С.: Біреудің қолында тұрған мал-дүниесінен зекет беріле ме?

Ж.: Егер ол өз өкілінің қолында болса немесе басқа біреудің қолында болып, құжатпен дәлелденсе, зекет беріледі.

С.: Біреудің қолында нисап мөлшеріне жететін қарызы бар адам зекет бере ме?

Ж.: Қарызы бар екенін мойындаса, немесе жоққа шығарса, бірақ сол малдың бар екені дәлелденсе, зекет беріледі.

С.: Жоғалған мал-дүниеден зекет беріле ме?

Ж.: Берілмейді.

С.: Егер бір кісіге садақа ретінде ақша немесе дүние беріп, бірақ сол сәтте оны зекетке ниет етпей, кейін ниет етсе, ол зекет бола ма?

Ж.: Болмайды, өйткені садақаны беріп жатқан уақытта немесе мал-дүниесін бөліп жатқан кезде зекет деп ниет етуі шарт. Зекет деп ниет қылмай берген садақа зекетке жатпайды.

Ақша мен сауда-саттық тауарлары.

С.: Алтынның нисабы қанша?

Ж.: Жиырма мысқал алтыны бар кісі сол алтыннан зекет беруі парыз.

С.: Жиырма мысқал алтынның қанша бөлігі зекетке беріледі?

Ж.:1/40 бөлігі, яғни 0,5 мысқал беріледі.

С.: Күмістің нисабы қанша?

Ж.: 200 күміс ақша, яғни 140 мысқал күмісі бар кісіге сол күмістен зекет беруі парыз саналады.

С.: 140 мысқал күмістен қаншасы зекетке беріледі?

Ж.: 1/40 бөлігі, яғни 3,5 мысқал беріледі.

С.: Қолында нисапқа жеткен ақшасы болып, бірақ үй-жайы болмаса, яғни пәтер жалдап тұрушы кісінің зекет беруі парыз ба?

Ж.: Парыз болмауы мүмкін, бұл тартысты мәселе.

С.: Сауда-саттық тауарының нисабы қанша?

Ж.: Оның нисабы күмістің нисабына тең.

С.: Нисап мөлшеріне жеткен сауда-саттық тауарынан қанша зекет беріледі?

Ж.: Алтын-күміс секілді 1/40 бөлігі беріледі.

С.: Бір кісінің біраз алтыны және күмісі, сондай-ақ біраз сауда-саттық тауары болса, бірақ жеке-жеке әрқайсысының құны нисап мөлшеріне жетпесе, ол кісіге зекет беру парыз бола ма?

Ж.: Барлық дүниесінің бағасы бір-біріне қосылып есептелінеді, егер жалпы құны нисап мөлшеріне жетсе, зекет беруі парыз болады.

Жануарлардың нисаптары.

С.: Қойдың нисабы қанша?

Ж.: Қырық. Яғни, қырық қойы бар кісіге зекет беру парыз болады. Қырық қойдан жүз жиырма қойға дейін бір қой беріледі. Жүз жиырма бір қойдан екі жүз қойға дейін екі қой беріледі. Екі жүз бір қойдан үш жүз тоқсан қойға дейін үш қой беріледі. Төрт жүзден төрт қой беріледі. Одан кейін әрбір жүз қой үшін бір қой қосылып отырады.

С.: Саулық және ешкіден не беріледі?

Ж.: Саулық және ешкіден берілетін зекет қойдың зекетімен бірдей.

С.: Сиырдың нисабы қанша?

Ж.: Отыз сиыры бар кісіге зекет беру парыз. Отыз сиырдан бір жасар ұрғашы немесе еркек тана беріледі.

С.: Отыздан көбірек болса?

Ж.: Кейінгі әрбір сиыр үшін бір жасар тана бағасының отыздан бірі көлемінде ақшасы беріледі.

С.: Қырық сиыр немесе одан көп болса, зекетке не беріледі?

Ж.: Қырық сиырға екі жасар тана беріледі. Ал қырықтан көп болса, кейінгі әрбір сиыр үшін екі жасар тананың қырықтан бірі көлемінде ақшасы беріледі.

С.: Алпыс сиыр үшін не беріледі?

Ж.: Бір жасар еркек немесе ұрғашы тананың екеуі беріледі.

С.: Жетпіс сиыр үшін не беріледі?

Ж.: 1 және 2 жасар тана беріледі.

С.: Түйенің нисабы қанша?

Ж.: Бесеу. Яғни, бес түйесі бар адамға зекет беру парыз. Бес түйеден тоғыз түйеге дейін бір қой беріледі. Он түйеден он төрт түйеге дейін екі қой беріледі. Он бес түйеден он тоғыз түйеге дейін үш қой беріледі. Жиырмадан жиырма төрт түйеге дейін төрт қой беріледі. Жиырма бес түйеден отызға дейін бір жас түйе беріледі.

С.: Жылқының нисабы қанша?

Ж.: Екеу, бірақ біреуі, не екеуі ұрғашы болуы тиіс.

С.: Олар үшін зекетке не беріледі?

Ж.: Әр жылқыға баға тағайындалып, сол бағаның қырықтан бірі беріледі.

С.: Зекетке берілетін жануардың орнына соның құнына тең ақша беруге бола ма?

Ж.: Әлбетте, болады.

Нисапқа жыл толу

С.: Зекет жылына неше мәрте беріледі?

Ж.: Жылына бір мәрте беріледі.

С.: Бір адамның қолына нисап мөлшеріне жететін байлық түссе, қашан одан зекет береді?

Ж.: Сол күннен кейін бір жыл өткен соң беруі тиіс.Сол байлығы нисап мөлшерінен кемімесе, жыл сайын зекет беріп тұруы тиіс.

С.: Нисап мөлшеріне жеткен байлығына бір жыл толса да, бермей ұстап тұруы дұрыс бола ма?

Ж.: Бұл исламның негізгі бес парызының бірі болғандықтан, міндетті түрде беру керек. Кешіктірсе күнәһар болады. Бірақ, кейбір ғалымдардың пікірінше, кешіктіргені себебінен болған күнәһарлығы зекет бергеннен соң, мойнынан түседі.

С.: Бір кісінің нисапқа жететін байлығы болып, бірақ жарты жылдан кейін ол кеміп, бір жыл толғанда ол қайтадан нисап мөлшеріне жетсе, одан зекет бере ме?

Ж.: Әлбетте, зекет беру парыз, өйткені жыл соңымен есептеледі.

С.: Бір кісінің нисап мөлшеріне жеткен дүниесі болып, бір жылдан кейін ол байлығы бірнеше есеге көбейсе, қанша зекет береді?

Ж.: Жыл соңындағы дүниесінің 1/40 бөлігін зекетке береді.

Зекет кімдерге беріледі

С.: Зекетті қандай кісіге беру керек?

Ж.:  Нисап мөлшерінде дүниесі жоқ кедей және міскін кісілерге, жолаушыға және зекет жинауға тағайындалған кісіге берген дұрыс.

С.: Оларға зекет қалай беріледі?

Ж.: Зекет жинауға тағайындалған кісіден басқалардың қолдарына мал-мүлік түрінде беріледі. Ал зекет жинаушы кісілердің зекетін олардың өкілдеріне беруге болады.

С.: Зекетті қайырымдылық қорына берсе қалай болады?

Ж.: Қайырымдылық қорына кедейлерге тапсыру шартымен табыстаса, ол зекет болып есептеледі.

С.: Зекет ақшасын мешіт-медресе тұрғызу, көпір жасау және жол салу, мәйіт жерлеу, т.б. осыған ұқсас істерге жұмсаса, дұрыс бола ма?

Ж.: Дұрыс емес.

Зекет берілмейтін кісілер

С.: Қандай кісіге зекет берілмейді?

Ж.: Өзінің ата-анасына, ата-әжесіне, бала-шағасы мен немере-шөберелеріне, жұбайына, нисап мөлшеріне жететін жағдайы бар бай адамға, т.б. зекет берілмейді.

С.: Бір кісі зекет бермей тұрып, қайтыс болып кетсе, оның малынан зекет берілуі тиіс пе?

Ж.: Зекет беріңдер деп өсиет қылмаған болса, қажет емес, ал өсиет қылса, малының үштен бір бөлігінен зекет беріледі.

"Ислам ғибадаты" кітабынан