Шахада Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның Елшісі екендігіне куәлік келтіру. Намаз күнделікті бес мезгіл оқу. Зекет кедейлер мен мұқтаждарды қолдау үшін, сол сияқты, Исламның таралуына ықпал жасайтын жобалар мен ол туралы шынайы ілімнің дамуы үшін мұсылманнан жыл сайын алынатын міндетті салық. Ораза қасиетті Рамазан айы ішіндегі ауыз бекіту. Қажылық егер адамның мүмкіндігі болса Меккеге жасалатын қажылық.

Хадис

  • Зекет беру
  • Зекетті есептеу

Зекет пен садақаның парқы

 

 

  Көп кісілер әлі күнге дейін зекет пен садақаның ара-жігін ажырата алмай жүр. Аптасына бір күн, жұма намазына барып, садақа жәшігіне тиын-тебен тастап, не болмаса көшедегі қайыр-садақа сұрап тұрғандарға бергенін ескеріп, мен де зекет беріп жүрмін деп ойлайды. Әрине, берген қайыр-садақалары қабыл болсын! Бірақ қанша дегенмен де, мойнымыздан парыздың түсуі үшін, зекетті жетік білгеніміз абзал болады.
Ең алдымен зекеттің бай-дәулетті мұсылмандарға Алла тағала тарапынан жүктелген міндет, қасиетті борыш екенін білуіміз керек. Оған дәлел қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде келтірілген. Ал шариғат бойынша кімде-кімнің 85 гр. алтыны немесе 595 гр. күмісі болса, не осы екеуінің біреуінің құнына жететін қаражаты болса, ол кісі бай-дәулетті адам деп есептелінеді. Яғни ақшасы нисабқа жеткен болады. Нисаб деп алтын-күмістің, ақшаның, мал-дүниенің белгілі бір дәрежеге жетуін айтамыз. Мысал үшін алтын-күмістің, ақшаның нисабын білдік. Малдың нисабы қой мен ешкі саны 40-қа жеткенде, сиыр 30-ға жеткенде, түйе 5-ке жеткенде, жылқылардың орта есебі 85 гр алтынның құнына жеткенде, егіншілік пен диқаншылық-тың, бау-бақшаның нисабы 632 кг 800 грамға жеткенде, әрбір иманды, бай-дәулетті мұсылман ер мен әйел үшін жылына бір рет зекет беру парыз болады.
Нисабқа жеткен байлы-ғының, мал-дүниесінің қырықтан бірін, яғни 2,5 пайызын тиісті орындарға беру арқылы, мал-дүниесін тіл-көзден, табиғи апаттардан, ұры-қарыдан, босқа төгіліп-шашылудан, арам өліп қалудан, ысырап болудан, қор болып қалудан Алла тағала сақтап, берекесін береді. Әрине, зекет беру кезінде, ниетіміз бір Алланың разылығы үшін болуы керек, себебі ниет ету шарт. Зекетте көлемі шарт, ал садақада көлемі шарт емес, шамаңызға қарай бересіз.
Зекеттің тағы бір шарты – Құранда айтылған 8 топтағы мұсылман адамдарға ғана беріледі, («Тәубе» сүресінің 60-аятын қараңыз), ал садақа кез келген кісіге, тіпті мұсылман еместерге де беріле береді. Жоғарыдағы аятта айтылған 8 топтан басқа бір жерге берілген зекет дұрыс деп есептелінбейді және зекетін қайта беру керек болады. Зекеттің тағы бір шарты – тамлик. Тамлик дегеніміз – бір заттың басқа бір адамға беріліп, ол зат, ақша, мал-дүние сол кісінің иелігіне өтуі, яғни иелендіру сипаты болуы. Мысал үшін бір жерде жол салынып жатса, жолға қосқан үлесім деп зекет беру дұрыс емес. Сол секілді мектеп, медресе, мешіт, көпір құрылыстарына зекет берілмейді. Әрине, бұлар өте үлкен сауапты істер, бірақ бұлар тек бай-дәулетті кісілердің ғана атқаратын істері емес, ол әрбір сауап іздеген мұсылманның атсалысуы керек болған қайырлы істер болып саналады. Мысалы, бір кісі өзінің қара күші арқылы немесе ақыл-ойы арқылы, техникасы арқылы, жұмысшылары арқылы, өзінің құрал-саймандары арқылы жәрдемдессе, қажет болса шелекпен су тасыса да, ол үлкен сауапты іс болып саналады. Бірақ, бұл істеп жатқан істері, бір кісінің жеке басының мүлкі бола алмайды, яғни бұл жерде тамлик жоқ. Демек бір зат, бір кісінің иелігінен, басқа бір мұқтаж кісінің (жоғарыда айтылған 8-топ) иелігіне өткенде ғана тамлик шарты орындалып, зекеті дұрыс болып саналады.
Ержан Саматбекұлы, 
ҚМДБ «Зекет» корпоративтік қорының Алматы қаласы бойынша жауапты өкілі