Шахада Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның Елшісі екендігіне куәлік келтіру. Намаз күнделікті бес мезгіл оқу. Зекет кедейлер мен мұқтаждарды қолдау үшін, сол сияқты, Исламның таралуына ықпал жасайтын жобалар мен ол туралы шынайы ілімнің дамуы үшін мұсылманнан жыл сайын алынатын міндетті салық. Ораза қасиетті Рамазан айы ішіндегі ауыз бекіту. Қажылық егер адамның мүмкіндігі болса Меккеге жасалатын қажылық.

Хадис

  • Зекет беру
  • Зекетті есептеу

Мұсылман әдебі: Зекет

Бұл – салихалы және ізгі амалдардың төресі. Бұл – Аллаға тез жақындататын қайырлы, абзал амалдардың бірі.  Бұл – кез келген мұсылман білуі тиіс бес парыздың бірі.  Бұл – зекет.  Саналы мұсылман зекет беруді кемшіліксіз атқаруға себеп болатын көркем әдептерді үйренгені ләзім. Мұсылман әдебі жобасының бұл жолғы санында зекет берудің әдептері туралы сөз етеміз.

Біз көбінесе Аллаға иман келтіріп, ораза ұстағанымызбен зекетке келгенде көп тартыншақтаймыз. Расында да біреулер жағдайы болған күннің өзінде Зекет туралы білмеуі мүмкін. Енді бірі «онсыз да садақаны беріп жүрмін ғой»  деп зекет туралы ойланбайды, ізденбейді. Зекет пен садақаны шатастыратындар да жоқ емес. Адам дүниемен сыналған соң кейде дүниені сүйіп, оны шығаруға келгенде тартынып қаламыз.

ЗЕКЕТ БЕРУШІНІҢ БІЛУІ ТИІС БІРІНШІ ӘДЕБІ: ЫҚЫЛАС.

Мұсылман әрдайым бұл амалды атқарар алдында Алланың разылығын қалап, сауабынан үміттенуі керек. Себебі ықылас болмаған жерде амалдар да жойылады. Тіпті салмақсыз тозаңға айналады. Ықылассыз жасалған тірлікті тесік шелекке су жинаған адамның мысалымен салыстыруға келеді. Қасықтап жинаған абырой шелектеп төгілмеуі үшін де ықылас керек. Зекет берген адамның жан дүниесі өзгеріп, өзін сондай жеңіл сезінеді. Тек ниет етіп қоймай ықыласпен берсе, онда өте үлкен рахатқа бөленеді.

Иә, жүрекпен жасалатын амалдарының ең әуелгісі – ықылас. Ол құлшылықтың өзегі. Амалдардың қабыл болуы не кері қайтарылуы да тікелей ықыласқа байланысты. Және ықылас – Хақ Тағалаға мойынсұнуда Оны бір деп білу. Ықылас қандай амалдың болса да алғышарты. Егер ол болмаса, барлық сауапты амалдан құр қалады. Ол жалғыз Алланың мейірімінен үміт ету арқылы жасалуы керек. Мүмін пенденің жүрегі ықыласқа толы болған жағдайда ол көптеген сауапқа қол жеткізеді. Атап айтқанда амалдары қабыл болады, ізгі істерді жасай алмай қалса да сауабына ие болады, күнәлары кешіріледі, пенде риядан құтылып, бүліктерден аман қалады, жүректегі уайымы сейіліп, ризығы молаяды.

ЗЕКЕТ БЕРУДІҢ ЕКІНШІ ӘДЕБІ: ӘРБІР МҰСЫЛМАННЫҢ ӨЗІНЕ МІНДЕТ БОЛҒАН ЗЕКЕТ ЖАЙЛЫ ХАБАРДАР БОЛУЫ.

Саналы мұсылман «Зекет деген не? Ол қандай мөлшерден шығарылады? Не нәрселерден шығарылады? Зекетті кімдерге береміз?» деген сұрақтардан хабардар болуы керек.

Зекетті кәмелет жасқа жеткен, нисап мөлшерге жеткен адам бере алады. Осы топтағыларға ол парыз. Көп адам зекет беруге тырысады. Құранда зекет 82 жерде намазбен тығыз айтылады. Ал бермеген адам үлкен күнәға қалады. Асыл дініміз исламда «Зекет» – көбею, өсу, берекет, тазару, көп нығметтерге шүкіршілік айту секілді мағыналарды қамтиды. Бұл ақыл есі бүтін, нисап мөлшеріне жеткен адамның беретін дүниесі.  

ЗЕКЕТ  МӨЛШЕРІ ҚАНША?

Нисап мөлшері дейді. Дүние белгілі бір деңгейге жеткен ғана зекет береді. Яғни 40-тан бір бөлігін немесе 2,5 пайыз беруі керек.

Теңгеге шаққанда 85 грамм алтынның құны қанша? Қарапайым тілмен айтқанда қалай түсіндіруге болады?

Алтынның мөлшерімен айтсақ 85 грамм алтыныңыз болса, яғни жарты миллионнан астам ақша шығады. Соның 2,5 пайызын біз мұқтаждарға беруіміз керек.

ЗЕКЕТ НЕ НӘРСЕЛЕРДЕН ШЫҒАРЫЛАДЫ?

Зекетте 2 нәрседен береді: алтын-күміс және төрт түлік мал. Және егін, бау-бақша, пайдалы қазбалар, дәнді дақылдардан беріледі. Алтын-күмістен болса,1 жыл толуы шарт. Ал бау-бақша өнімдеріне 1 жыл толуы шарт емес. Себебі олар өсіп өнеді. Қиярды 2 рет жинауға болады, мұнайды күнде алып жатырмыз дегендей...

ЗЕКЕТТІ КІМДЕРГЕ БЕРУГЕ БОЛАДЫ?

Зекетті 7 топтағы кісілерге беруге болады:

    - Күнделікті тамағынан артылмайтын адам;

    - міскін жеп ішуге күнделікті мұқтаждар;

    - зекет жинаушылар;

    - исламды жаңадан қабылдаған кісілерге көңілдерін жібіту үшін;

    - қарызға батқан кісілерге;(банктен қарыз алғандарға зекет берілмейді)

    - Алла жолында ілім алушыларға;

    - жолда қалғандарға беріледі.

Әнәс ибн Мәликтен (оған Алла разы болсын) Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «... Кім мұсылман бауырына көмектессе, сол уақытта оған Алла көмектеседі. Ал кім бауырының мәселесін шешсе,  Қиямет күні Алла оның мәселесін шешеді » - деген.

ЗЕКЕТ БЕРУДІҢ ҮШІНШІ ӘДЕБІ: ПАРЫЗ БОЛҒАН ЗЕКЕТТІ УАҚЫТЫНАН  КЕШІКТІРМЕУ.

    Егер сіздің жиған мүлкіңіздің мөлшері 85 грамм алтынға жетсе, әрі ол 1 жыл бойы сол қалпында азаймай тұрса, міндетті түрде зекет беру керек. Зекет шығаруды себепсіз кейінге қалдыру немесе бермеу Алланың ашуына ұшыратады. Сол үшін зекетті дер кезінде берген абзал.

ЗЕКЕТ БЕРУДІҢ ТӨРТІНШІ ӘДЕБІ: ЗЕКЕТТІ  САДАҚАДАН БҰРЫН БЕРУ.

Зекет пен садақа бір-біріне ұқсас амалдар. Екеуі де мал дүниеден, қалтадағы ақшадан шығарылады. Айырмашылығы садақа беру үшін қолымызда азын-аулақ ақшаның болғаны жеткілікті. Ал зекет жағдайы келген мұсылманға ғана парыз. Әл ауқаты  жеткен жылына бір рет қана береді. 

   Лағынеті шайтан адамды «Зекет берсең, кедейленіп, аш-жалаңаш қаласың» деп азғырады. Шындығында, зекет – малымыздың азаюына емес, көбейіп, өсіп-өнуіне себеп болады.

ЗЕКЕТ БЕРУДІҢ БЕСІНШІ ӘДЕБІ: ЗЕКЕТТІ ЗЕКЕТ ШЫҒАРЫЛАТЫН БЕЛГІЛІ МАЛ-ДҮНИЕЛЕРДЕН ҒАНА ШЫҒАРУ.

 Яғни, зекет қойдан қойдай, сиырдан сиырдай ал ақшадан ақшалай шығарылады деген сөз. Ал мөлшеріне келсек, зекетті 4 түліктен береміз. Қойдың зекеті 40 бас. Біреуде 40 қой болса, соның бірін беру керек. Сиыр 30 бас болса, 1 тана не құнажын беру керек. Түйе 5 басқа жетсе, 1 қой беру керек.

ЗЕКЕТ БЕРУДІҢ АЛТЫНШЫ ӘДЕБІ: ЗЕКЕТТІ ЖАҒДАЙЫ ТӨМЕН, ҚАРЖЫҒА МҰҚТАЖ  ТУҒАН-ТУЫСТАРДАН БАСТАУ.

   Зекет беруді туысқандардан болған жағдайы нашар кісілерден бастаған абзал.  Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Міскінге берілген дүние 1 садақа болса, туысқанға берілген дүние 2 садақа, ал садақа туыстық қарым-қатынас» - деген.

ЗЕКЕТ БЕРУДІҢ ЖЕТІНШІ ӘДЕБІ: ЗЕКЕТ БЕРГЕН СОҢ ОҒАН МІНДЕТСІНБЕУ.

Зекет бергенде міндетсінсе, ол тәкәппарлық болады. Хадисте малдарыңды зекет берумен қорғаңдар деген.

 «Мал-дүниелерін Алла жолында жұмсап, кейін бергендеріне міндетсіну және реніш араластырмайтындардың сыйы – олардың Раббысында. Оларға қорқыныш жоқ әрі олар қайғырмайды» ("Бақара" сүресі, 262-аят).

Зекет берудің әдептеріне тоқталсақ бұл ең алдымен ниетке байланысты. Зекет ең адал табыстан берілуі керек. Ниеті түзу, табысы адал, үшіншіден бергені үшін міндетсінбеуі керек.

Зекетті мұқтажырақ адамға берсеңіз құба-құп. Егер таба алмасаңыз технологияның дамыған ғасырында терминалдарға ақша сала аласыз. ҚМДБ-ның Зекет қоры халық үшін осындай жайлы жағдай жасаған. ҚМДБ Зекет қоры – жеке және заңды тұлғалардың зекеттері мен садақаларын қабылдап, оны шариғат үкімдеріне сай таратумен айналысатын ұйым. Қордың құрылтайшысы – Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқарамасы.

Қор–  Қасиетті Құран Кәрім мен сүнетті басшылыққа ала отырып, шариғат үкімдеріне сәйкес Қазақстан мұсылмандарының зекетінің жиналуы мен таратылуын жүзеге асырады. Қазіргі уақытта қор көптеген игі істерге мұрындық болуда.

Зекет ғибадаты адамды осы өзімшілдік, сараңдық, дүниеқорлық сияқты қылықтардан сақтап кішіпейілдік, жомарттық және кеңпейілдік сынды жақсы сипаттарға тәрбиелеп, баулиды.

Бір кісі Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп «Маған Жәннатқа кіргізетін амал айтшы» дегенде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол өзіне қажетті (нәрсені сұрап тұр)! Аллаға құлшылық етіп, Оған ешнәрсені серік қоспайсың, намаз оқисың, зекет бересің және туыстық қатынасты үзбейсің» деген. Осы хадистен-ақ зекеттің маңызын көре аламыз.